ИПМАГАМБЕТОВ  ӘНУАР

(1912-1996)

Жазушы, аудармашы Ипмағамбетов Әнуар Нұрғалиұлы 1912 жылы 18 маусымда Теректі ауданы, Тельман ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әкесі Нұрғали Алаш қозғалысының қайраткері, патша армиясының полковнигі болғандықтан жас кезінде қуғындалып, Мәскеу гидрометеорологиялық институтының 3 курсында оқудан шығарылған. 1956 жылы М. Горький атындағы Әдебиет институтын (Мәскеу) бітірген.

1932-41 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Қазақ радиосында бас редактор болған.

1945-54 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды.

1962-72 жылдары Целиноград (қаз. Ақмола) облыстық газетінің редакторы болды. Батыс Қазақстан облысындағы 1917-25 жылдардағы тарихи уақиғалар кезеңін суреттейтін «Жайықтың сол жақ бетінде» (1973) атты кітабы жарық көрді. Н. В. Гогольдің «Өлі жандар» поэмасы мен «Ескілікті помещиктер», Т. Мерименің «Кармен» повестерін, Э. Казакевичтің «Одердегі көктем» романын, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды.

Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.

Әдебиеттер: 

Ипмағамбетов Әнуар: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. — Алматы, 2010. – Б.306.

Ипмагамбетов Әнуар: өмірдерек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық / құраст.: С.Қамшегер, Қ.Жұмашева. — Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – Б.188.

Аға туралы сыр: аудармашы Әнуар Ипмағамбетов 80 жаста // Қазақ әдебиеті. — 1992. -№29. – Б. 13.